Aудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлының кезекті жұмыс сапары Темір ауыл округінде жалғасын тапты, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан басшысы елді мекендегі бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, өзекті мәселелермен танысты. Алдымен «Темір» жалпы білім беретін мектебінің материалдық-техникалық базасымен танысып, білім беру ұйымының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.
1981 жылы салынған оқу ордасы бірнеше рет өз түлектерін түлетіп, есімі елге белгілі тұлғалы азаматтардың шығуына себепкер болған. Аталған білім ұясынан қанаттанып шыққан жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді. 40 жылдан аса тарихы бар мектеп қазіргі уақытта заман талабына сай жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы мақсатта Түркістан облыстық білім басқармасына ұсыныс енгізіліп, ағымдағы жылы орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Аудан әкімі мектептің жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертіп, жаңа оқу жылына дейін мерзімінде аяқталуын қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Мұнан соң елді мекендегі «Алпамыс» бөбекжай-бақшасының жай-күйін көріп, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы жұмыстармен танысты.
2016 жылы салынған балабақшада 20 педагог жұмыс істейді. Жалпы 140 баланы қамтитын мекемеде балаларға қажетті барлық жағдай жасалған. Балабақша қызметкерлерін толғандырып келген мәселенің бірі ғимараттың төменгі жертөлесінде жиналған ызасуды азайту. Аталған мәселені ауыл тұрғындары бұған дейін де бірнеше рет көтерген болатын.
Аудан әкімі көтерілген мәселенің маңыздылығын айтып, жауапты сала басшыларына шешу жолдарын тауып, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
© Jetpisbai.kz