Қала әкімдігінде ерекше салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова көпбалалы аналарды күміс алқа наградаларымен марапаттады. Бұл шара ана мен балаға деген қоғамның жоғары құрметі мен назарын көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында сөз алған әкім көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлі мен еңбегін ерекше атап өтіп:
«Біз бүгін еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған аналарды құрметтеп отырмыз. Көпбалалы аналарымыздың еңбегі орасан, олар тек өз балаларының ғана емес, бүкіл қоғамның игілігі үшін еңбек етуде. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға береке тілеймін», — деді шаһар басшысы.

Бұл күнгі шарада оннан астам ана күміс алқа наградаларымен марапатталды. Әрбір анаға арнайы куәлік пен сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, бұл шара қоғамдағы көп балалы аналардың еңбегін бағалап, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге арналған.
© Jetpisbai.kz