Aудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлы күш атасы, қазақ халқының даңқын әлемге әйгілі еткен палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған жері Ақтөбе ауылында болды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен палуанның тұрған үйіне барып, қолданған заттары мен жәдігерлерді тамашалады. Саз балшық пен сабаннан тұрғызылған саман үй 2009 жылдан бастап мұражайға айналып, Қажымұқанның тұрмыста қолданған заттары мен тарихи жетістіктері көпшілік назарына ұсынылған. Бүгінде тарихи орынды іздеп келушілер де аз емес.
Аралау барысында ауыл тұрғындары тарапынан мұражайды туристік маршрутқа енгізу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу секілді ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы жауапты сала басшыларына айтылған ұсыныс-пікірлерді саралап, заң шеңберінде тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Мұнан соң ауыл округіндегі «Р1» және «Құлан» каналдарын аралап, шаруалармен ауыл щаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Р1 каналының Отырар ауданындағы бөлігі 11,3 шақырымды құрайды. Бүгінде егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының тапсырысымен аудан аумағындағы бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілсе, қалған Ордабасы ауданындағы бөлігінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстар толық аяқталса жергілікті жердегі 5 мың гектарға жуық жерлерді ағын сумен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі болады деп күтілуде.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі көтерілген мәселенің маңыздылығын айта келе, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, «Құлан» каналын тазалау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру керектігін айтып, сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.
Іс сапар барысында елді мекендегі ауыз су жүйесімен танысып, жаңадан салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралап көрді. Ауылдық мәдениет үйі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы аясында 2023 жылы басталған болатын. Мердігер «Construction Group «SAMRUK» ЖШС. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуық жұмыстары аяқталған. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізуді тапсырып, мерзімінде берілуін қадағалауды жауапты мамандарға жүктеді.
© Jetpisbai.kz