Түркістан облысында кезекті жылыту маусымына дайындық басталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге жауапты басшыларды жинап, тиісті тапсырмалар берді. Мәжілісте өңірге көмір жеткізу бағытындағы жұмыстар туралы есеп беріліп, жоспарлар жасалды.
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын. Тасымалдаушы компаниялармен келісімді ерте жасап, тасымалды жеделдетіңіздер. 1 қыркүйекке дейін білім ұялары көмірмен қатылуы қажет. Әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтың айтуынша, 2024-2025 жылдарға арналған көмірмен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдің жалпы қажеттілігі – 778 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104,5 мың тонна болса, жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна, жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна, жылыжайларға 282,9 мың тонна көмір қажет. Мамыр мен шілде аралығында 88,2 мың тонна көмір жеткізілген.
Облыста елді мекендерді газбен қамту, бюджеттік мекемелерді, білім ұяларының қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыру жұмыстары қарқынды. Соның нәтижесінде биыл тұрғындардың көмірді тұтыну көлемі 82 мың тоннаға төмендесе, бюджеттік мекемелердің көмірді тұтыну көлемі 36 мың тоннаға төмендеген.
Әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау, қажетті көмірді тасымалдау жұмыстары жалғасады.
© Jetpisbai.kz