2024 жылы 21 шілдеде өткен Маяқұм ауылдық округі әкімі сайлауының нәтижелеріне сәйкес, аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Маяқұм ауылдық округінің әкімі болып Ілесбек Руслан Құлмаханұлы сайланды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Aудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлы жаңадан сайланған лауазым иесін Маяқұм ауылдық округі әкімдігінің активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Кездесуде аудан басшысы ауылдың әлеуметтік — экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Ұжымдастарыңызбен ынтымақ-бірліктің арқасында өзіңізге жүктелген міндеттерді үлкен сеніммен атқарып шығады деген ойдамын. Сіздердің алдағы істеріңізге береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін!»- деді аудан әкімі.
Ілесбек Руслан Құлмаханұлы 1998 жылы 10 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Маяқұм ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары, 2020 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, ақпараттық жүйелер, 2022 жылы Орталық Азия инновациялық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Маяқұм ауыл округі әкімі аппаратында техник-программист болып бастаған.
2020-2023 жылдары Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауыл округі әкімі аппаратының инфрақұрылым жөніндегі бас маман, 2023 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Түркістан облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті құрылымдық статистика басқармасының бас маманы қызметін атқарып келген.
© Jetpisbai.kz