Адам саудасына қатысты қылмыстарды тергеу және ашу ерекшеліктері туралы аймақтық тренинг өтті.
2021 жылдың 26 наурызында «Заң талабы» құқықтық қорғау орталығының ұйымдастыруымен өткен тренингке Шымкент қаласы Полиция департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қатысты. Семинар-тренинг онлайн форматта өтті. Адамзат тақырыбындағы ең әділетсіз, адам құқы тапталған, қанқұйлы және аяусыз мәселе – адам саудасы. Адамды құлдыққа жегу, миллиондап еркінен тыс мәжбүрлі ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру бүгінгі күннің ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл өкінішке орай, Қазақстанға да қатысты болып отыр.
Қазіргі таңда адам саудасы өзекті мәселе болып отыр. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күрес кез келген елдің, жеке азаматтардың назарындағы басты мәселелердің бірі болуы тиіс. Өйткені бұл адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі, оның құқығының қорғалуы деген сөз. Адам баласы үшін бұлар ең басты құндылық.
Тренингке қатысушылар арасында адам саудасына қатысты қылмыстарды тергеу мен ашу ерекшеліктері талқыланды.