Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз, осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.
Нашақорлық (грек тілінде narcomania – құмарту) – есірткі заттарына патологиялық құмарлық. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады: өзінің адамгершілік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді.
Есірткі несімен қауіпті?
Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл.
Нашақорлықтың себептері
Балалар мен жасөспірімдердің девианттық тәртіп формалары тәрізді нашақорлықтың негізгі себептерінің арасында бірінші орындардың бірі отбасындағы келеңсіз көріністер, ата-аналардың спирттік ішімдіктерге немесе нашақорлыққа салынуы, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жанұя мүшелері арасында көтеріңкі көңіл-күй қатынастарының болмауы, жанұяда әкенің немесе шешенің болмауы, психоактивті заттарға оңай қол жеткізу, жасөспірімдердің бос уақытын өткізу мен қолы бос болмауының нақты бағдарламасының жоқтығы сияқты әлеуметтік факторлар үлесінде. Жиі жағдайларда есірткі қоғамдық орындарда: мектептерде, дискотекаларда, кафелерде, көшелерде, саябақтарда, есірткі таратушылар мен сатушылардың пәтерлерінде алынады.
Нашақорлықпен күресу жолдары
Есірткіге қарсы күрес бөлімдерінде қызметкерлердің санын көбейту қажет, өйткені саусақпен санарлық топқа есірткі бизнесі дес береді деуге сену қиын.
Есірткіні анықтап, ұстап тауып алатын құрал-саймандар, техникалармен есірткіге қарсы күрес топтарының толық қамтамасыз етілуі керек.
Есірткінің зардабы және асқынуы
Нашақорлардың есірткіден улануынан оның бүкіл психикасы өзгереді. Біріншіден, жүйке жүйесін бірден уландырады, елітіп, еліртіп жібереді, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады, өмірге қажетті барлық жұмысты орындауға ынтасы, белсенділігі пәс болып тұрады, енжар өмір кешеді. Есірткі адам психикасына өте қатерлі. Ол ойламаған қылмыстарға итермелейді, нашақор ашуланшақ, шамшыл келеді.
Осы кезде тағы да түрлі елестер пайда болады, яғни, ақырын ғана шыққан дыбыс нашақорға тау құлап жатқандай болып естіледі, алдында жатқан бір тал шыбық бөрене боп, тау төбе болып елестейді. Демек адамның аңғару, ойлау қабілеті нашарлап, бос сандырақтайды, бос күлетін болады. Зейін алаңдаушылығы көбейіп, қимылы тежеледі.
Нашақор әйелдерде түгелдей дерлік жыныс мүшесінің жұмысы бәсеңдейді, яғни, жатырларының еттері әлсірейді, сонымен қатар, етеккірлерінің келуі де бұзылады (кейде ерте, кейде кеш). Ал нашақор әйел екіқабат болса, көптеген жағдайда түсік болады немесе олардан дімкәс кемтар балалар дүниеге келеді. Ер адамдарда да жыныс мүшесінің қызметі нашарлайды. Оларды ештеңе, қызықтырмайды. Осы себепті өз жандарын өздері аямайды. Бір инені бір-біріне беріп, жалғастырып сала береді. Бұл түрлі жұқпалы ауруларға (тері ауруларына, жұқпалы жыныс ауруларына, өкпе қабынуына) әкеп соғады.
Қысқасы, нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің ол өз қолыңда.