Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың кезекті шарасы Құмкент, Шолаққоран және Жартытөбе ауылдарында
құқықтық кеңес берумен жалғасты.
Шалғай елді мекеннің 70-тен аса тұрғындарына жергілікті әкімдіктің, облыстық Әділет департаментінің өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері, антикор еріктілері, адвокаттар мен заңгерлер, сот орындаушылары құқықтық көмек көрсетті.
Тұрғындар кәсіпкерлікпен айналысудың тәртібі, өсиетті рәсімдеу, несиенің пайызын жеңілдету, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұру, медициналық әлеуметтік сақтандыру, банкроттық жариялау, мүгедектікке шығу және бұғатталған есеп шотына қатысты сұрақтармен жүгінді.
Сонымен бірге, кепіл мерзімі аяқталмаған құрылыс нысандарына қоғамдық бақылау жүргізді.
Зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша аудан әкімдігі қызметкерлерімен мәжіліс ұйымдастырылып, хаттамалық тапсырмалар берілді. Орындалауы бақыланатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ жыл көлемінде аймақтағы елді мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетуді және әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылауды тұрақты негізде жүргізетін болады.