Ә.Жангелдин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын кезекті рет тексеруге барған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мердігерге соңғы рет ескерту жасады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Кәріз жүйесінің құбырларын көмуді өткен аптаның соңына дейін аяқтаймын деген уәдеңіз қайда? Сөз берген кезде сіз өз мүмкіндіктеріңізді есепке алғаныңыз белгілі. Біз келістік. Кешігуіңіздің себебін сұрамаймын. Дегенмен, жол құрылысы 10 күнде аяқталмаса, заң аясында тиісті шара қабылдайтынымызды ескертемін, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Аралауды І-ІІ мөлтек аудандарында жалғастырған Нұрбол Әбдісаттарұлы көпқабатты үйлердің аула тазалығын сынға алды. Сектор жетекшісіне тұрғындардың қатысуымен сенбілік өткізуді жүктеп, секторға бекітілген жауапты маманға қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ, мөлтек аудан аумағындағы ескі қоршаулар мен қараусыз қалған шағын ескі нысандарды бұздыру, көлік тұрағын реттеу, мөлтек ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру жайы талқыланып, қосымша тапсырмалар нақтыланды.
© Jetpisbai.kz