Қазығұрт ауданы облысымызға ауылшаруашылы дамыған, аграрлы аудан ретінде белгілі, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Дегенмен, ауданда балық шаруашылығы дамымаған. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан арнайы қолдаулар көрсетілуде. Осыны пайдалана отырып жеке кәсіпкер Шыңғыс Қайыпов Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекенінде орналасқан «Ағанай» су қоймасында балық шаруашылығын ашып, кәсіпті дамыту жоспарын құрған. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар да басталып кетті. Атап айтқанда, қоймадағы барша су ағызылып, қойма іші балшық пен қоқыстан тазартылып жатыр. Сондай-ақ, су қоймасының құрылысы күшейтіліп, ескірген тұстары қайта жаңартылуда.
Жоғарыда аталған құрылыс жұмыстарын көру үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекеніне арнайы барды. Жасалып жатқан істерді көріп, жеке кәсіпкермен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығын айта келе, сол жердегі тұрғындарға ешқандай зияны тимеуі керек екенін де ескеруді тапсырды. Жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, заң аясында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Ағанай» су қоймасы 1976 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы ағымдағы жөндеуден өткен болатын. Су қойманығ су жинау мүмкіндігі 201 мың м/куб болып, тереңдігі 6,9 метрді құрайды. Атаулы су қоймасы бұлақ көздерінен және жауын-шашын суларынан толтырылып келген.
© Jetpisbai.kz