«Amanat» партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді. Кезекті бейсенбіде саяси ұйым мүшелері Тұран ауданы әкімі апаратының қызметкерлерімен әдеттегідей игі істі жалғастырып, өз жауапкершіліктеріне алған учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жәй ғана есеп үшін жұмыс емес. Іс-шара Президенттің «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп, елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бүгінгі тазалық жұмыстары Бадам өзенінің бойында жалғасын тапты. 300-ге жуық партия қызметкерлері, ардагерлер, Жастар Рухы, «Jasyl el» еңбек жасағы және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Өзен бойының 2 шаршы шақырым жері тазаланып, 1 тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмыс аймақтың өзге аудандарында да жалғасын таппақ.
Тұран ауданы Қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Балғанов игі іске жастар белсенді қатысып жатқандығын айтты.
– Бұл акция ресми және бір реттік емес, тұрақты және жалпыұлттық түрде өтуде және әр аптаның бейсенбісі тазалық күні деп жоспарланған. Акция жаңа экологиялық ойлауды, халықтың экологиялық мәдениеті мен мінез-құлқын құруды, жаңа экологиялық әдеттердің пайда болуын бастауға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаға саналы көзқарасты қалыптастыруды және оны сақтаудың маңыздылығын түсінуді қамтиды. Жаз мезгілінде күннің ыстығына қарамастан, жастар жағы белсенді түрде жұмыс жасауда,-дейді Дәурен Балғанов.
Дегенмен, ауыл ақсақалдары өзен жағалаулары, ағаш бұталары күл-қоқысқа толып, босаған шөлмектер мен пластикалық ыдыстардың қалдықтары азаймай тұрғанына өкініштерін де білдіреді. Партия мүшелері мен әкімдік қызметкерлері алдағы уақытта бұл жағдайды бақылауға алатындарын айтты.