Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » 400 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР КӨЛЕМДЕ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛУДА

400 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР КӨЛЕМДЕ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛУДА

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар 2024 жылдың 1 жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Әбілқайыр Бақытқалиұлы санитарлық тазалық, көгалдандыру, ирригациялық жүйелерді дамыту жұмыстарының барысынан хабардар етті.
Қазіргі таңда қала аумағында жалпы аумағы 210 га жер телімін құрайтын 10 саябақ, 44 гүлзар мен аллея, 117 га құрайтын «Дендросаябақ» бар. Биыл екі саябақтың (Сәуле шағынауданы, Шымсити шағынауданы) құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Қаланы көгалдандыру, халыққа қолайлы, жайлы орындар қалыптастару, серуендеу орындарының санын көбейту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін шаһардағы саябақтардың санын 15-ке, гүлзарлар санын 50-ге жеткізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру мақсатында көгалдандыру, жасыл екпелерді көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта биыл қалада рекордтық көрсеткіште, 400 мың шаршы метр газон екпелері егілуде. Атап айтқанда, Әл-Фараби көшесінің бойында қазіргі таңда су ұңғымаларын қазу жұмыстары жүргізіліп, көгалдандыруға дайындық басталып кетті. Жалпы Әл-Фараби көшесінің екі жақ бетіне 145 мың шаршы метрге жуық көгал және 17 мың дана жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады. Қалаға жерсінген емен, ясень сынды ағаштар егіледі. Биылдан бастап жапырақты ағаштарға басымдық беріліп отыр, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Шымкент сити, Асар, Тұран, Достық шағынауданында көгалдандыру жұмыстары атқарылады. Қонаев даңғылы бойында ескірген көгалды ауыстыру жұмыстары басты назарда тұр.
Қала тұрғындарының ұсынысы негізінде Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағын толығымен жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жаңадан 3 субұрқақ қойылды.
Айта кетсек, Шымкент қаласында жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде 25 нысанда 40 субұрқақ (фонтан) бар. Бүгінгі күнде қала аумағындағы барлық субұрқақтар жүйелі түрде (кестеге сәйкес таймермен) жұмыс атқаруда. Бірқатар субұрқақтардың электр жүйелері мен насостары жаңартылды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*