Шымкентте медицина мамандары енді демалыссыз инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізеді.
Өткен сенбі, жексенбі күндері бастапқы санитариялық медициналық көмек көрсету ұйымдарындағы мамандар өз еркімен келісім берген азаматтарға ковидке қарсы екпе салды.
Айта кетейік, бүгінге дейін 7181 азаматқа ковидке қарсы вакцина салынған. Екпе алғандардың 70 пайыздан астамы медицина мамандары. Қалғаны мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Еске сала өтсек, екпе салу түрлі санат бойынша кезегімен жүргізілуде.
Инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары қаладағы 26 емдеу мекемесінде жүргізілуде. Бұған қоса қосымша 10 бастапқы медициналық — санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында вакцинация жасау үшін арнайы кабинеттер дайындалды.
Санитарлық — эпидемиологиялық бақылау департаменті денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп вакциналау бойынша 450 медицина қызметкері үшін арнайы тренинг, семинарлар өткізілді.
Бүгінгі таңда вакцина салдыру – коронавирус ауруының таралуын болдырмаудың бірден бір жолы болып отыр. Вакцина тегін және ерікті түрде салынады.
Шымкент қаласының медицина мамандары карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырады.