Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жеткізді,– деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осы тұрғыдан бүгін Президент Жолдауында жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды жүйелі орындау мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен үлкен мәжіліс өткізілді. Өңір басшысы Жолдауда көрсетілген 9 міндеттің әрқайсысы еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін аса маңызды екенін айтып, оларды орындау бағытында бірқатар тапсырмаларын берді.
Осыған орай Қазығұрт ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхамедғали Әшірбаевтың төрағалығымен жиын өтті. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, барша дербес бөлімдер мен мекемелер басшылары, ауыл округі әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.
Мәжіліс барысында төраға Жолдауда жүктелген міндеттердің маңыздылығы мен басымдықтарына жан-жақты тоқталып, белгіленген міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру қатаң қадағалауда болатынын айтты.
Айқындалған жаңа міндеттерді түсіндірген М.Әшірбаев аудан жұртшылығы тарапынан Мемлекет басшысының Жолдауы үлкен қолдауға ие болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау бағытында облыс әкімі берген тапсырмалардың ауданда тиянақты орындалуын талап етті.
© Jetpisbai.kz