Келес ауданында Конституция күніне арналған «Ата заң — тәуелсіз ел тұғыры» атты мерекелік шара өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Келес Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аудан орталығындағы Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараға Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Даурен Сариев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік шарада аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Даурен Нұрланұлы баршаны мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтарды марапаттады.
– Баршаңызды еліміздің ең маңызды құжаты, егемендігіміздің айғағы, әділеттіліктің байрағы болған Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – мемлекеттік мереке, біздің демократиялық ел екенімізді айқындайтын Ата Заң аясында қоғамның әр мүшесінің құқығы қорғалып, тең мүмкіндік беріледі. Ең бастысы, Ата Заңымыздағы барша баптар мен тармақтар еліміздің дамуына, тұрақтылық пен татулықтың салтанат құруына, сондай-ақ болашақтың баянды болуына бағытталған. Біз мұны жете түсініп, жас буынға жеткізуіміз қажет, — деді Даурен Сариев өз сөзінде.
Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Олар көрермен назарына рухты әндер шырқап, патриоттық әндермен жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
© Jetpisbai.kz