Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сайрам ауданына іссапармен келді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сайрам Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ветеринария және жер саласы мамандарымен Сайрам ауданында мал қозғалысын қадағалау және аудан аумағындағы заңсыз құрылыстарды ретке келтіру бойынша комиссия отырысына қатысты. Аудан әкімі Арман Сабитов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Кездесу барысында төрт түлік туралы түйткілді мәселелер мен ұсыныстар талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мәселе бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп, нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы ірі мал бордақылау алаңдарын ашу, ветеринария саласындағы және аудан аумағындағы заңсыз құрылыс жұмыстарын ретке келтіру, тағам қауіпсіздігін сақтау туралы тапсырма берген болатын. Бүгін сол тапсырмалардың орындалу барысы таныстырылды. Атап айтқанда, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданында мал қозғалысын қадағалау, мал ұрлығын азайту мақсатында үш ауылдық округ аумағында, яғни, Қарабұлақта – 3, Көлкентте — 2, Арыста — 1 блок-бекет орнатылды. Блок-бекеттердегі жұмыс қарқынын күшейтуге ауыл округі әкімдігі, аудандық прокуратура, полиция басқармасы, жергілікті полиция, кірістер басқармасы, «ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КММ, ҚР АШМ қалалық аумақтық Сайрам аудандық инспекциясының қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар, төлқұжаты жоқ ауыл шаруашылық жануарларын уақытша ұстау мақсатында арнайы «оқшаулау орындары» белгіленіп, жауаптылар бекітілді.
Жиынға жұмысшы топ өкілдері, аудан әкімі және әкімдік мамандары, құқық қорғау органдары қызметкерлері қатысты. Кездесу ашық байланыс форматында өткізілді. Мұнда мал шаруашылығына қатысты қордаланған проблемалар мен ұсыныстар айтылды. Блок-бекеттерге құзырлы орган мен патрульдік полиция қызметкерлерінің (экипаж) санын көбейту мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, 6 блок-бекетке 24 сағат бойы патрульдік полиция қызметкерлерінің 6 экипажы, 2 арнайы оқшаулау орнына 2 эпипажы және 1 эпипаж оқшаулау орнына дейінгі сүйемелдеу мақсатында қажеттілік туындауда.
© Jetpisbai.kz