«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивальі аясында Түркістан төрінде өтіп жатқан Созақ ауданының мәдениет күндері «Керуен сарай» кешенінде жалғасты. Аудан өнерпаздары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, ауданның тарихы мен жетістіктерін атап өтті. Ауданнан шыққан ақын-жазушылар мен атақты күйшілер жайында сөз қозғап, киелі Түркістан төрінде ұлттық құндылықтарды насихаттау созақтықтар үшін үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.
Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Жиналған қонақтардың қарасы артып, шараны қызыға тамашалады. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және RIO тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
© Jetpisbai.kz