Aудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы А.Елеусизов баяндама жасап, Референдумға дайындық жұмыстары мен «Шексіз бауырластық – ІІІ» арнайы операция күштерінің көп ұлтты жаттығуы іс-шарасын ұйымдастыру және өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы атап өтті.
Мұнан соң ауылшаруашылығы бойынша үш жақты келісім көрсеткіштерінің орындалуы туралы Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Сыздық баяндап, жоспарлы жұмыстардың іске асу барысын жеткізді.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі білім беру мекемелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы және жылыту маусымына дайындық, ауыл округтері бойынша тұрғын үйлердің газға қосылу барысы, тазалық жұмыстары мен мектептердің жөндеу жұмыстары, жер қайтару жұмыстары секілді бірқатар өзекті мәселелер бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы М.Есінбек, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Нәлібай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Әшір, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Бекмұрат хабарлама жасады.
Мәжіліс қорытындысымен арнайы хаттама толтырылып, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көтерілген мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, оның орындалуын қатаң бақылауды жауапты сала басшыларына жүктеді.
© Jetpisbai.kz