Кездесудегі басты мақсат Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 8 шілдесінде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіру, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түлкібас Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұнымен қоса, аудан әкімнің орынбасары, аудандағы әдеп жөніндегі өкіл Е.Орманов мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға бәс тігуге қатыса алмайтынын, бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылғанын ескертті және ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілгенін түсіндіру.
Сонымен қатар, Ербол Керімбекұлы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін түсіндіріп, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертті. Қызметтік авто көліктерді пайдалану ережелерін бұзбау, мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс екеніне, жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен қарым-қатынаста сыпайы болуға, дөрекілікке жол бермеуге ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті көздейтін баптарын түсіндірді. Пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік өкілеттіктерді теріс, асыра пайдалану, алаяқтық және тағы басқа сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе алған параның 80 есеге дейінгі мөлшерде айппұл көзделгенін ескертті.
Кездесу соңында ауыл әкімдері күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
© Jetpisbai.kz