Қазіргі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы қоғамда жиі сынға ұшырап жатыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сайрам Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, қажет болған жағдайда орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Бұл бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінде жарнаманы қатесіз жазуға міндеттейтін жаңа заң жобасы мақұлданды. Осыған орай, Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі және «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама — тіл тазалығының айнасы» акциясы өткізілді.
Аталмыш акция көрнекі ақпарат мәтіндерінің коммерциялық нысандар атауларының жарнамалары қазақ тілінде дұрыс жазылуын сараптау, түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Акция аясында көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағаланып, жарнама тілін реттеліп және жүйеленді. Жекеменшік сауда нүктелерінің маңдайша мен ақпараттық тақтайша және жарнамалық т.б нысандардағы жазулары «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» және «Жарнама» туралы Заңдарына сай орналасуын, жазылуын, сауаттылығын бақылау назарға алынып, үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық нысан иелеріне қолданыстағы заңнамалардың тиісті баптары түсіндіріліп, үлгі ретінде ақпараттық парақшалар (хабарлама) таратылды. Кейбір нысан иелері тарапынан анықталған кемшілік дер кезінде қалыпқа келтірілді.
Атап айтсақ, Абылайхан көшесі бойында орналасқан «7Я», «Ақмаржан», «Ақ тілек», «Мagnum», «Гүлжан» дәмханасы секілді жалпы 50-ге жуық кәсіпкерлік нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, 24- і түзетілді, 20 кәсіпкерлік нысан иелеріне хабарлама берілді. Сонымен қатар, жолаушыларды аудан аумағындағы елдімекендерге тасымалдайтын 10 «ГАЗЕЛЬ»-дің сыртқы жазулары бойынша көлік тізгіндеушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олқылықтардың орны түзетілді.
Акцияға Сайрам аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев, осы бөлімнің сектор меңгерушісі Бауыржан Асқаров, «Мәртөбе» газетінің редакторы Нұрғиса Төремұратов, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» директоры Зухра Ақпанова қатысты.
Тіл мамандары тұрғындарды көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге шақырып, қандай да бір заңға қайшы келетін жарнама, нысан атауларын көрген жағдайда Сайрам ауданының «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» 87752911992 нөміріндегі «Whatsapp» мессенжеріне хабарласуларын сұрайды.
© Jetpisbai.kz