Aудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қазақстан шахмат федерациясының Түркістан облысы бойынша филиалының атқарушы директоры Асхат Майкотовты және Түркістан қаласының шахмат инструкторы Алима Пашанова мен халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаевты қабылдап, жастардың зияткерлік әлеуетін көтеруге бағытталған «Шахмат керуені» жобасын ауданда өткізу ісін бірлесе талқылады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан басшысы шахмат ойыны жастар мен ересектердің ойлау логикасы мен жеңіске деген ерік-жігерді қалыптастыруға ықпал ететіндігін тілге тиек етті. Ауданда шахматты дамытуға қолдау көрсетілетінін айтып, шахматтан ашық біріншілік өткізуге ниетті екендігін жеткізді.
Айта кетейік, аудан орталығында орналасқан «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өтетін шахмат додасына 100-ге тарта спортшы қатысып, ала тақта үстіндегі тартысты бәсекеде өзара сынға түспек. Жас ерекшелігінде шек жоқ. Шахматқа қызығатын кез келген азамат қатыса алады. Сайыс өтерден алдын халықаралық шахматшы Қуанышбек Джумадуллаев бір мезетте 30 азаматқа дейін тегін мастер класс пен жеке сеанстар өткізетін болады.
Алдағы уақытта сайыстың өтетін уақыты мен күні қосымша хабарланатын болады.
© Jetpisbai.kz