Аудан аумағын таза ұстау және оның ажарының ашылуына атсалысу – әрбір тұрғынның басты борышы саналатыны белгілі, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Сайрам Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Осы мақсатта, аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында, Ақсукенттің орталығында орналасқан «Дендросаябақта» сенбілік шарасы тұрақты түрде жалғасты.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, «Жастар ресурстық орталығының» жастары, жалпы 440-тан аса адам қатысты.
Сенбілік барысында «Дендросаябақтың» сәнін бұзатын сарғайған шөптер мен қураған ағаш бұтақтарын қырықты. Сондай-ақ, тұрғындардың жүруіне кедергі келтірмес үшін жолдар мен жиектерін артық шөптерден арылтты. Жан-жақтағы бейберекет тасталған күл-қоқыстарды жинады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған аумақтың санитарлық тазалығын күтіп сақтау және көріктендіру жұмыстары барысында 4 техниканың көмегімен 6,3 тонна қоқыс арнайы орынға жеткізілді.
Ауданымыздың әрбір тұрғынын алдағы уақытта да тазалық жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамыз!
© Jetpisbai.kz