Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА КҮЗГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА КҮЗГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқанының басталуына орай арнайы жиын өтті. Іс-шара жастарды әскерге ынталандыру, ұрпақтар сабақтастығын жалғау, патриоттық тәрбиені насихаттауды мақсат еткен. Жиынға Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, Қарулы Күштер ардагерлері, қалалық білім басқармасының өкілдері, орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысты.
Жиында қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың өкілдері өз бөлімдеріне әскерге шақырылушыларды іріктеу тәртібі мен оларды жасақтау жайында баяндады.
Көктемгі әскерге шақыру науқанында шаһардан мыңнан астам сарбаз борышын өтеуге аттанған еді. Ал күзгі шақыру науқанында да мыңнан астам жасты Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің Әскери бөлімдеріне жіберу көзделуде. Қазіргі таңда ҰҚК Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші легі аттанып кетті.
Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев әскерге барудың маңыздылығына тоқталып, жастарға Отан қорғауға әрдайым дайын жүру керек екенін айтты. Сапқа тұрып, сарбаз атану – әрбір ер азамат үшін зор абырой. Жылдан-жылға Қазақстан Қарулы Күштерінің қуаты артып, әскери дайындық деңгейі жоғарылап келеді. Әрбір ер адам қауіп төнген сәтте өз отбасы мен Отанын қорғауға дайын болуы керек. Отставкадағы полковник өскелең ұрпақты, жастарды патриот болуға шақырды.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, әскерге бару зор жауапкершілік екенін жан-жақты түсіндіріп берді.
Айта кетсек, өткен жылғы есеп бойынша қаламызда 1856 азамат мерзімді әскери қызметке шақырылып, жоспар 104% орындалған. Биыл да осы межеден түспеу жоспарда тұр.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*