Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция аясында университет ғимаратының қасбетінде Нұртас Оңдасыновқа арналған мемориалдық тақтаның және университет қабырғасында оның есімімен аталатын арнайы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімдері өтті.
Бұл шаралар Қазақстанның жеті қаласында өтетін, қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын дәріптеу және оның ұлт дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатындағы кең ауқымды бастаманың бір бөлігі. Сонымен қатар, қатысушыларға «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» атты деректі фильм көрсетілді.
Алғашқы сөз кезегін алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры міндетін атқарушы Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметі қазіргі ұрпаққа өнеге екендігін атап өтті.
Бұл ғылыми-практикалық конференция қазақ тарихында терең із қалдырған тұлғаның мұрасын жаңғырту жолындағы маңызды қадам болды.
Айта кетейік, қазақ халқының біртуар дарынды тұлғасы Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы (26 қазан 1904 – 1 қараша 1989) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1938-1951 жж. – Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің, Министрлер кеңесінің төрағасы, 1954-1955 жж. – Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, 1955-1962 жж. – Гурьев (қазіргі Атырау) облысының басшысы. Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерңн атқарған.