Облысымызда Полиция департаментінің бастамасымен жастарды өз Отанын сүюге, ел тыныштығын күзету мен ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға баулитын полиция сыныптары ашылуда. Осы ретте Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орналасқан Н.Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінде, Ұлы отан соғысының ардагері, милиция майоры Омарбек Дүйсембекұлының атына «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды.
Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Полиция департаменті Тәрбие және кадр басқармасы бастығының орынбасары Әшімхан Мырзаханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Мұратов және ауданның барлық мекеме басшылары, ардагерлер мен қонақтар қатысты.
Жиында сөз алған Полиция полковнигі Нұрлан Мұратов , полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы баяндап, марқұм болған Омарбек Дүйсембекұлы жайлы Кеңес одағының батыры, жазушы, академик Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдар», «Майдан очерктері» деген кітаптарында жазылғындағын айтып, жылы естеліктермен бөлісті.
Айта кетсек, оқушыларға полицейдің нысанды киім үлгісі тігіліп, берілді. Ал сынып бөлмесі полицейге арналған арнайы бұрышпен жабдықталды. Шара соңында жоғары сынып оқушылары ант беріп, «Жас сақшы» қатарына қосылды.