Түркістан қаласы Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында “Оқушылар сарайының” білім алушыларымен кездесті.
Тәртіп сақшылары оқушыларға жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін арнайы дайындаған бейнеролик арқылы түсіндірді.
Ал құқық бұзушылық жасағаны үшін, оның ішінде ата-анасының еріп жүруінсіз түнде үйден тыс жерде болғанына байланысты және жолдың белгіленбеген тұсынан кесіп өткенге жауапкершілік барын мұқият ескертті. Сонымен қатар мотокөліктермен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, мотоцикл, скутер, мопед жүргізушілеріне жылдамдықты асырмай, жол жүрісі ережесін қатаң сақтау қажеттігін жеткізді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Ұстаздар мен оқушылар тәртіп сақшыларына қызықты әрі пайдалы сабақтары үшін алғыстарын білдірді.
Балалардың қауіпсіздігіне бағытталған мұндай дәрістер облыстың барлық білім ордаларында жалғасын табатын болады.