ҚР Оқу-ағарту министрлігі Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Галымжан Алматов ардагер ұстаздармен, аудандық мәслихат депутаттарымен, ата-аналармен, ауыл билерімен және білім саласының жанашырларымен кездесті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Білім Саласындағы Департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Дөңгелек үстел барысында өңірдегі білім сапасын арттыру, мұғалімдердің әдептілігі, оқушы тәрбиесі және білім ордаларының абыройын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «тәрбие жұмысы педагог пен ата-аналар қауымдастығының бірлескен әрекеті арқылы ғана оң нәтижеге жетеді» деген пікірін білдірген болатын. Осыған орай, Ғалымжан Бауыржанұлы аудандағы проблемалардың аз еместігін атап өтті.
— Келісіп пішкен тон қашанда келте болмайды. Жыл басынан бері аудандарды аралап дәл осындай мазмұнда жиын өткізіп, білім сапасын арттыруды бірлесе отырып талқыладық. Ашық пікір алмасуда алуан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылды. Жан-жақты талқыға салып, жұртшылықтың пікірлерін тыңдадық. Мақсатымыз – білім сапасын арттырып, оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға жайлы орта қалыптастыру болғандықтан өте пайдалы, құнды пікірлер ортаға салынды. Ендігі мезетте сол айтылған ой-пікірлерді жұмыла жүзеге асырсақ өз нәтижесін беретіні сөзсіз,- деді департамент басшысы.

Бекболатов Мейрамхан Әуелханұлы – Көксайек а/о Қазақстан ауылының төбе биі «айтылған әрбір пікірдің маңызды екенін, оны жүзеге асыруда жұдырықтай жұмыла еңбек ету керектігін» тілге тиек етті.
— Қоғамда жиі талқыланып жүрген, ұстаздардың әдептілігі, бала тәрбиесі сияқты өзекті мәселелеркүн тәртібінен түспеуі қажет. Сырт көз сыншы дейді. Біз өз кезегімізде айтылған сындардан қорытынды шығара білуіміз керек. Білім ордасындағы кемшіліктерді жоғарыда атап өткенімдей жұдырықтай жұмыла отырып шешкеніміз дұрыс, — деді ауыл биі.
Аудандық мәслихат депутаты Сейданов Талғат Мекенбайұлы –кейбір адамдардың мектеп беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді атап өтті.
— Киелі білім ордасының кемшілігін әлеуметтік желіге салып, елге жайып жіберуді әдетке айналдырып алдық. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан игіліктердің қадірін білуіміз керек, — деді депутат.

Байғұт Нышан Тасболатұлы – Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіндегі педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, Түркістан облысының білім саласының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы , мектеп басшысы жан-жақты болып қана қоймай қазіргі заман талабына сәйкес жаңартылған білім беру саласында толықтай меңгеру керектігін айтты.
⁃Мектеп басшысы тереңінен ойлана алуы керек, қазіргідей білім саласы күннен күнге дамып жатқан сәтте, басшы күніге ізденіс үстінде жүріп қайтсек білім сапасын арттыра аламыз деп бас ауыртуы қажет, озық методиканы қолдану оны өскелең ұрпақтың білім алуына жұмсауына жұмыс істеуі тиіс- деді ол.

Тастанов Абдразақ Қайпбекұлы – ардагер ұстаз мұғалімдер арасындағы моральдық ахуалдың нашарлауына алаңдаушылық білдірді.
— Нағыз мұғалім шәкірт тәрбиесімен айналысуы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бірін-бірі сотқа сүйреп, масқаралаған мұғалімдер көбейді. Бұл — ұстаз беделіне нұқсан келтіретін жағдай, — деді ол.
Жиын барысында бұдан да өзге білім саласындағы түйткілді мәселелер көтерілді. Ұсыныстар жинақталып, оларды шешу жолдары қарастырылатын болды.
© Jetpisbai.kz