Түркістан облысы Түлкібас ауданында өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік жоба – «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен құттықтап, бұл жоба өңір экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті. Салтанатты жиынға сала мамандары, инвесторлар, аудан тұрғындары мен кәсіпорын ұжымы қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында «Састөбе инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа әк зауыты ашылуда. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік. Соның нәтижесінде халықаралық талапқа сай заманауи зауыт іске қосылып отыр. Бұл тек облысымыз үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға, – деді Нұралхан Көшеров.

Аймақ басшысы жобаның жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтынын атап өтіп, оның іске асуы арқылы аудан мен облыстың өндірістік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары ашылатынын жеткізді. Жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, бүгінде әк зауытының өзінде жүзге жуық жергілікті тұрғын еңбек етуде.
Салтанатты рәсім барысында «Sinoma-TCDRI» компаниясының жоба басшысы Жу Сианг Го мен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов та сөз сөйлеп, зауыттың іске қосылуы отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, инвесторлар өндірісте заманауи технологиялар қолданылып, экологиялық талаптар қатаң сақталатынын жеткізді.
Жалпы құны 180 млрд теңге болатын жобаның құрылысы 2026–2027 жылдары толық аяқталады деп жоспарланған. Ал биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылды.

«Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндіру жоспарланып отыр.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізбек. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биылдың өзінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды.
Салтанатты рәсім аясында облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи жабдықтармен және жұмысшыларға жасалған еңбек жағдайымен танысты. Сонымен қатар, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін сақтау мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстану қажеттігін тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары