Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтеріндегі бірқатар шалғай елді мекендер орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті тұрғындар қатысып, көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болды.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен және елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуімен құттықтап, бұл бастаманың әлеуметтік маңызын атап өтті.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің орталықтандырылған ауыз суға қосылуы – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған ауыз су жүйесі мыңдаған азаматтың күнделікті өміріне оң өзгеріс әкеледі. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы елеулі жетістік, – деді аудан басшысы.

Президент тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округіндегі Тасқұдық, Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді және Дарбаза ауылдық округіндегі Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарған.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданында 1 қала мен 13 ауылдық округ бар. Аудан аумағында жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артты.
Бұған дейін Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, қамту көрсеткіші 85,7 пайызға жеткен болатын. Ал бүгін Сарысу, Тасқұдық және Шеңгелді елді мекендерінің жүйеге қосылуы нәтижесінде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылдар саны 59-ға жетіп, жалпы көрсеткіш 93,7 пайызды құрады.

Бұл өз кезегінде аудан халқының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына оң серпін бермек.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары