Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағытындағы жоспарлы жұмыстар аясында өңірде тағы бір маңызды жоба бастау алды. Түркістан қаласында джинсы маталарын өндіретін заманауи зауыттың құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Hygeia Textile Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру және джинсы маталарын өндіру желілерінің іргетасына уақыт капсуласын салды.
Облыс әкімі өз сөзінде жобаның өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсібі үшін маңызды жобаның іргетасы қалануда. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіретін зауыты салынады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканы әртараптандыруға, инновация мен цифрлық технологияға негізделген өндірісті дамытуға басымдық берді. Осы бағытта Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жұмыстары басталды. Енді өңірде өндірілген мақта толықтай өзімізде өңделіп, дайын өнімге айналады. Бүгін іргетасы қаланған зауыт соның айқын дәлелі. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы матасы өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа және Орталық Азия елдеріне экспортталады. Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып отыр. Бұл – Түркістан облысына инвестиция тарту жұмыстарының нақты нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.

Аймақ басшысы жаңа кәсіпорын іске қосылғанда Түркістан облысы еліміздегі тоқыма өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналатынын атап өтіп, жобаға атсалысқан инвесторларға алғысын білдірді.
Аталған нысанда жыл сайын 10 млн метр джинсы матасы өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғанда мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Зауыттың жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Өндірістік үдерістер толықтай заманауи технологиялармен жабдықталады.
Кәсіпорын «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасады және жоба жеке инвестор қаржысы есебінен үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, облыста индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жанданып келеді. Соның нәтижесінде биылғы 10 айда өңірде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары