Шардара аудандық мәдениет үйінде өткен «AGROFEST Шардара – 2025» мерекелік іс-шарасында ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген үздік шаруалар мен сала мамандары марапатталды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев аграрлық салада жоғары нәтижелерге қол жеткізген еңбеккерлерге алғысын білдіріп, арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Аудан басшысы өз сөзінде Шардара өңірінің аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Диқандардың бірлігі мен жүйелі еңбегінің нәтижесінде барлық негізгі дақылдар бойынша жоғары өнім алынды. Шаруа қожалықтарында ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Алдағы жылғы егіс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, күздік бидай егу толық орындалды, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар Арман Қарсыбаев жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, барша елге амандық, береке және мол өнім тіледі. Мерекелік іс-шара ән-шашумен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шардара ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Экономиканың 80 пайызын құрайтын аграрлық сектордың жалпы өнім көлемі биыл 64,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге артқан.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешеніне 23 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 10 млрд теңгеден астамы «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының құрылысына бағытталған.

Егіс алқаптарында ағын суды үнемдеу мақсатында 5 мың гектардан астам жерге тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, бұл өнімділікті арттыруға және су шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Ал мал шаруашылығы саласында 5 жаңа бордақылау алаңы іске қосылып, олардың жалпы саны 45-ке жетті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары