Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен арнайы мәжіліс өткізіп, жетекшілік ететін салалар бойынша орындаушылық тәртіпті жан-жақты талдады , – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиын барысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы сараланып, нақты көрсеткіштер мен кемшіліктер назарға алынды.

Облыс аумағында экологиялық және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 9 ауданда қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон орындарын оңтайландыру үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, 13 ауданда су қорғау аймақтары мен белдеулерін Қазақстан Республикасының Су кодексі талаптарына сәйкестендіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Барлық аудандарда елді мекендер аумағындағы ағаштардың есебі алынып, жыл соңына дейін геопорталға енгізу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Бұл шара жасыл желекті сақтау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету және жоспарлы көгалдандыру жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ дендрологиялық жоспардың орындалуы үшін статистикалық органдарға шаруашылықтардың балық өсіру жөніндегі есептерді толық әрі нақты тапсыру міндеті жүктелді.
2025 жылы облыста балық өсірумен айналысатын 16 жаңа шаруашылық іске қосылып, осы саладағы жалпы шаруашылық саны 209-ға жеткен. Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда өңірде өндірілген балық көлемі 7 мың тоннадан асып отыр. Бұл көрсеткіш облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Алайда, мәліметтердің нақтылығын қамтамасыз ету мақсатында аудан-қалалар тарапынан есептердің уақтылы әрі дұрыс тапсырылуы маңызды екені ескертілді.

Мәжіліс барысында облыс әкімінің орынбасары 2026 жылы салынуы жоспарланған ветеринариялық нысандарға қатысты жұмыстарды жеделдету қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, нысандарға арналған жер телімдерін белгілеу, құжаттарын рәсімдеу және жобалық жұмыстарды уақытында аяқтау тапсырылды. Ал егер белгілі бір елді мекенде ветеринариялық нысан салу қажеттілігі жоқ деп танылса, аудан-қала әкімдіктері жыл соңына дейін ресми хат жолдап, бас тарту шешімін нақты негіздеуі тиіс.
Сонымен бірге, 2026 жылы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бойынша арнайы жоспар бекітілгені айтылды. Жетісай және Мақтаарал аудандарында келесі жылы тамшылатып суғару жүйесіне арналған екі өндіріс орны іске қосылады деп күтілуде. Бұл бастама ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланып, өнімділікті арттыруға зор мүмкіндік береді. Мәжілісте аталған технологияларды ендіру тетіктерін жетілдіру, жерді қажетті инфрақұрылыммен қамту және қаржыландыру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ келесі жылға жоспарланған 49 инвестициялық жобаны белгіленген мерзімде іске қосу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң әсер ететіні айтылды. Жобалардың орындалу барысы тоқсан сайын қатаң бақылауға алынып, жауапты тұлғалардан тұрақты есеп алынатыны ескертілді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары