Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұлттық басымдықтардың бірі ретінде атап келеді. Осы стратегиялық міндеттерге сәйкес, Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қайта өңдеу үлесін арттыру және өндірістік қуаттарды кеңейту бағытындағы ірі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға, фермерлік шаруашылықтарды технологиялық тұрғыда жаңғыртуға, заманауи басқару тәсілдерін енгізуге және мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасы толық іске қосылып, өңірдегі сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге көтерді. Аталған жоба агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып, отандық сүт өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу кеңінен қолданысқа енуде. «Ақылды ферма» жүйелері, автоматтандырылған басқару және жасанды интеллектке негізделген аналитикалық платформалар өндірістік процестерді дәл жоспарлауға, жануарлардың денсаулығын онлайн бақылауға, еңбек өнімділігін арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. «Бөрте Милка» жобасы – осы заманауи үрдістердің нақты үлгісі.

2023 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу қағидаларына сәйкес, Түркістан облысына жаңа және қолданыстағы сүт-тауар фермаларын салу мен кеңейтуге 6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Осы бағдарлама шеңберінде 2023 жылдың желтоқсан айында конкурстық комиссия «Бөрте Милка» ЖШС-нің 403 басқа арналған қолданыстағы сүт фермасын кеңейту жобасын мақұлдады.
Жобаның жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 2,380 миллиард теңге көлеміндегі қарыз 2023 жылғы 15 желтоқсанда бекітілген мақсатты несие шартымен рәсімделді. Несие мерзімі 2033 жылдың 1 қазанына дейін белгіленіп, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Бұл – ауыл шаруашылығы жобалары үшін қолайлы әрі тиімді қаржыландыру тетіктерінің бірі.
Несие қаражатының 872,9 миллион теңгесі құрылыс жұмыстарына, 853,2 миллион теңгесі Еуропа стандарттарына сай толық автоматтандырылған заманауи ферма жабдықтарына, 114,4 миллион теңгесі арнайы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, ал 540 миллион теңгесі асыл тұқымды голштин сиырларын әкелуге бағытталды.

Серіктестіктің құрылтайшысы Гүлнар Муталиева өндірісті басқарудың заманауи әдістерін тиімді пайдаланып, жобаның уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етті. Инвестор өз қаражаты есебінен 420 миллион теңгеден астам инвестиция құйды. Бұл қаражат асыл тұқымды 403 бас ірі қара сатып алуға, жаңа қора-жайлар салуға және ферманың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды толық жасақтауға жұмсалды.
Өндірісті автоматтандыру мақсатында Швециядан арнайы тапсырыспен жеткізілген VMS-300 маркалы төрт сауу роботы орнатылды. Әр робот сегіз сағат ішінде 70 басқа дейін қызмет көрсете алады. Нәтижесінде бір оператор тәулігіне үш мезгіл сауылатын 140 сиырдың сауын процесін толық қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, бұрын орнатылған үш робот толық жаңғыртудан өтті. Сыйымдылығы 2000 тонна болатын жем-шөп қоймасы мен бетонды қи сақтау алаңы салынып, өндірістік қуат айтарлықтай артты.
Жобаның тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында сүт өндіру көлемі 44 пайызға артса, биыл бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін өсті. Бұл өсім технологиялық жаңғыру мен өндірістік инфрақұрылымның кеңеюінің тікелей нәтижесі болып отыр.

Осылайша, «Бөрте Милка» жобасы Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ұлттық стратегияны іске асыруға елеулі үлес қосып келеді. Жоба агроөнеркәсіптік саланы цифрландыру, өнім сапасын арттыру және еңбек тиімділігін көтеру бағытында өңір экономикасына жаңа серпін берді. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, ферма Түркістан облысындағы сүт өндірісінің жетекші орталықтарының біріне айналды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары