Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тағы бір әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, жастар мен балаларға арналған спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында Құркелес ауылдық округінде заманауи спорт алаңшасы ел игілігіне ұсынылды. Жаңа нысан ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына және спортпен жүйелі түрде шұғылдануына мүмкіндік береді.
Спорт алаңшасының ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі жиналған жұртты айтулы күнмен құттықтап, жаңа спорт нысанының ауыл үшін маңызын атап өтті.
– Бұл – мемлекетіміздің жас ұрпақты қолдауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатының нақты көрінісі. Жаңа спорт алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді. Осы алаңнан болашақ чемпиондар шығатынына сенеміз, – деді Арман Абдуллаев.
Құркелес елді мекенінде салынған спорт алаңшасы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Нысанда кіші футбол алаңы, workout аймағы, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңшасы қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «Сәулет 2012» ЖШС атқарды. Ауыл тұрғындары аудан басшылығына ризашылықтары жеткізді.

Жаңа спорт нысаны ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болып, бұқаралық спортты дамытуға және жастардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары