Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық бағыттағы маңызды нысандар пайдалануға беріліп, тұрғындар қос бірдей қуанышқа бөленді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, көп ұзамай «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа әлеуметтік орталықтың ашылуымен құттықтады.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ауданның Құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкент ауылында жүзеге асқан ауқымды жұмыстар үшін жергілікті тұрғындар атынан алғыс айтты.

Жаңа ашылған орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Нысан зейнет жасындағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Орталық бір мезгілде 30 адамға дейін қабылдай алады. Сонымен қатар Қызылкөл елді мекенінің қариялары да бұл орталықтың қызметін пайдалану мүмкіндігіне ие.
Орталықта тұрғындардың денсаулығын нығайту мен белсенді өмір салтын қалыптастыруға арналған тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойын алаңдары, сондай-ақ асүй және шай ішіп демалуға арналған орындар толықтай жабдықталған.
Іс-шара соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішкі инфрақұрылымымен танысып, көрсетілетін қызмет түрлеріне оң бағасын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, биыл осындай әлеуметтік бағыттағы орталық Созақ ауылында да ашылған болатын. Бұл бастамалар ауданда әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары