Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАНДА СУ ҮНЕМДЕУ АЛҚАПТАРЫ КЕҢЕЙДІ

ТҮРКІСТАНДА СУ ҮНЕМДЕУ АЛҚАПТАРЫ КЕҢЕЙДІ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Возможно, это изображение гусь

Өңір басшысы Мемлекет басшысының су үнемдейтін озық технологияларды жедел енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында кешенді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Су үнемдеу жүйелерін қолдану ағын суды екі есеге дейін үнемдеуге, ал ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы еліміздегі суармалы жерлердің төрттен біріне ие. Суармалы алқаптардың жалпы көлемі 554 мың гектарды құрайды. Биыл 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланғанымен, іс жүзінде 59 мың гектарға орнатылды. Осылайша жоспар артығымен орындалып, су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы жер көлемі 114 мың гектарға жетті, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде алты кәсіпорын ашу көзделген. Қазіргі таңда олардың төртеуі іске қосылып, алдағы уақытта тағы екі кәсіпорын ашылады. Нәтижесінде 364 мың гектар егістік алқапты су үнемдеу технологияларымен қамту мүмкіндігі пайда болады. Болашақта бұл кәсіпорындар Түркістан облысын ғана емес, көршілес өңірлерді де толық қамтамасыз етпек.

Нет описания фото.

Су үнемдеу технологияларын тиімді қолданудың нақты мысалы ретінде Отырар ауданында күріш өсіру жобасы жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Тамшылатып суару әдісін енгізу нәтижесінде өнімділік айтарлықтай артып, ағын су көлемі екі есеге дейін үнемделген.

Облыс аумағында ағын суды жеткізетін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4 180 канал бар. Қазіргі таңда олардың 76 пайызы тозған. Осы мәселені шешу үшін кешенді жоспар қабылданып, Ислам даму банкінің қаржысы есебінен 302 су нысанын жөндеу көзделген. Аталған жұмыстар толық аяқталған соң каналдардың тозу деңгейі 50 пайызға дейін төмендейді.

Сонымен қатар өңірде жалпы сыйымдылығы 121 миллион текше метр болатын төрт су қоймасын салу жоспарланған. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде, ал «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобалау жұмыстары әзірлену үстінде. «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары пайдалануға берілген жағдайда, Түркістан қаласы мен бес аудан тұрақты түрде 113 миллион текше метр сумен қамтамасыз етіледі.

Бұл жобалар іске асқан соң 16 мың гектарға жуық жердің су қамтамасыз етілуі жақсарып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін жылына 200 миллиард теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Нет описания фото.

Жалпы қабылданып жатқан шаралар су ресурстарын тиімді басқаруға, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыруға және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

© Jetpisbai.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*