Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталып, өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері жоғары қарқынмен өсуде, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала есеп бойынша, есепті кезеңде облыста өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 4 387,8 млрд теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8 пайызды құрады. Аталған көрсеткішпен Түркістан облысы республика бойынша екінші орынға тұрақтады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Өңір басшысының айтуынша, облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 256,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 593,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 111,2 пайыз деңгейінде қалыптасып, жоспар толық орындалған.
– Біздің басты мақсатымыз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған, инвестиция тартуға қолайлы өңірге айналдыру. Бұл үшін жаңа өндіріс орындарын ашуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және терең өңдеу салаларын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Өңірде тау-кен өнеркәсібі өнімінің көлемі 574,6 млрд теңгеге жетіп, өсім 115,1 пайызды құрады. Осы сала бойынша белгіленген жоспар (115%) толық орындалған. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 101,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 353,5 млрд теңгені, ал өсімдік шаруашылығының көлемі 728,0 млрд теңгені құрады.
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1 178,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 124,2 пайызды көрсетті. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд теңгеге жетіп, 128,6 пайызға артты.
Есепті кезеңде облыста 931,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 110,2 пайыздық өсімді көрсетті. Сонымен қатар көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд теңгеге жетіп, 124,8 пайызға артты. Байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд теңгені құрады.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жүйелі әлеуметтік саясаттың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарып, кедейлік деңгейі 4,4 пайызға төмендеді. Биылғы 10 айда өңірде 122 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының экономикасы тұрақты даму жолына түскенін және өңірдің республикадағы жетекші экономикалық орталықтардың біріне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары