Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысының айтуынша, Түркістан облысының географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығында үш негізгі кластерлік бағыт айқындалған. Олар – мақта, ет және жүгері кластерлері. Бұл бағыттар агроөнеркәсіптік кешенде терең өңдеу үлесін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
– Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы элиталық мақта сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер мақта өсіруден бастап, жіп иіру, мата өндіру секілді барлық өндірістік кезеңдерді қамтиды. Бұл бағытта 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Мақта өнімділігі 2–3 есеге артып, жылына 229 мың тонна өнім өндіріледі, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде жоғары өнім алынып, екі мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Қазіргі таңда жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталу сатысында тұр.

Жүгері кластері бағыты бойынша Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғанда 251 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады. Аталған жобаның нәтижесінде жүгері егіс алқабы 2030 жылға қарай 40 мың гектардан 70 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Ет кластері аясында облыста 7 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жалпы жобалардың құны 50 млрд теңгені, қуаттылығы 35 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде 802 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл бағытта Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңдары, ет өнімдерін терең өңдейтін кешендер және заманауи мал биржасы салынуда.
Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылып, қосымша 35 мың тонна етті өңдеуге мүмкіндік беріп отыр. Жалпы кластерлік тәсіл шаруалардың өнімін кепілді өткізуіне және ішкі нарықты отандық өңделген өніммен қамтуға жол ашады.
Сонымен бірге Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытындағы ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жобаның құны 53 млрд теңге, ал өндірістік қуаты жылына 48 мың тонна құс етін құрайды.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында іске асырылып жатқан кластерлік жобалар ауыл шаруашылығын индустрияландыруға, терең өңдеу үлесін арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп отыр.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары