Түркістан облысында өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Түркістан өңірі тұтынып отырған электр энергиясының 75 пайызын сырттан тасымалдайды. Бұл жағдай экономиканың дамуына, жаңа өндіріс орындарын ашуға белгілі бір деңгейде кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты өңірде энергия тапшылығын жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынған.
– Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, – деді Нұралхан Көшеров.
Аймақтың энергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында бүгінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 800 млрд теңге. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында Кентау қаласында жеке инвестор есебінен қуаты 240 МВт болатын газ турбина электр станциясы салынады. Жобаның құны 155 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер толық аяқталып, келісімшарттар түзілген. Құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтау көзделген.
Жаңартылатын энергия көздері бағытында да жұмыстар қарқын алған. Түлкібас ауданында қуаты 320 МВт болатын бу-газ электр станциясының, ал Сауран ауданында қуаттылығы 485 МВт болатын екі күн электр станциясының жобалары әзірленіп жатыр. Бұл жобаларды іске асыру 2025–2027 жылдарға жоспарланған.
Бұдан бөлек, Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт болатын жел электр станциясын салу үшін тиісті құжаттар рәсімделуде. Аталған жобаны 2026–2028 жылдары іске қосу көзделген.
Жалпы, осы энергетикалық жобаларды жүзеге асыру арқылы өңір экономикасына шамамен 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, қосымша 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде Түркістан облысы жаңа өндірістерді ашуға, инвестиция тартуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етілетін болады.

Айта кетейік, өңірде баламалы энергия көздерін дамыту экологиялық қауіпсіздікті сақтауға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және «жасыл экономикаға» көшуге де оң әсерін тигізеді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары