Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірісті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында шағын өндірістік парктер мен алаңдар құру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді, – деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің айтуынша, Түркістан қаласының маңында 100 гектар аумақты қамтитын «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба отандық өндірісті дамытуға және қайта өңдеу саласын қолдауға бағытталған. Жоба аясында жалпы 152 өндірістік ғимарат салу жоспарланып, 6 040 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Қазіргі таңда жобаның І кезеңі аясында 40 ғимарат пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 1 220 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның экономикалық тиімділігі де жоғары – бюджеттен салынған әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылған.
– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту арқылы 27 млрд теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиһаз, тұрмыстық химиялық өнімдер өндіріліп, ішкі нарықты қамту және экспортқа шығару мүмкіндігі артады. Шағын өндірістік алаңдарды дамытуға жергілікті кәсіпкерлер белсенді қатысуда. Әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, жаңа зауыттар ашылады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Аталған бастамалар өңірдің өзге аудандарында да жалғасын тапты. Мәселен, Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл алаңдарда жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Ал Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимараттың құрылысы басталды. Жобаның инвестициялық көлемі – 10,4 млрд теңге. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалардың мультипликативтік әсерін ескере отырып, аталған тәжірибені облыстың барлық аудандарына енгізу жұмыстары қолға алынған.
Жалпы, бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 21 шағын өндірістік алаң құрылған. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз өндірісі, пластик және резеңке бұйымдары, химия өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп салалары айқындалған. Қазіргі уақытта 192 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық нысандарды келесі жылы аяқтап, толық іске қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, шағын өндірістік парктердің дамуы өңір экономикасын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары