Түркістан облысында өңір экономикасын дамыту және құрылыс индустриясына инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов, «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері мен салаға жауапты мамандар Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен іскерлік кездесу өткізді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қытайлық «Jinhao Group» және «Hunan Jumper Holding Co., Ltd.» компанияларымен құрылыс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге заманауи технологиялар тарту және тәжірибе алмасу мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар жобаларды іске асыру үшін облыс тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Инвесторлар Түркістан облысы аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытып, өңірдің индустриялық және инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Айта кетейік, «Jinhao Group» компаниясы Қытайдың Харбин қаласында орналасқан және энергия үнемдейтін, оқшаулаушы құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын ірі әрі көпсалалы кәсіпорын саналады. Сонымен қатар компания ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, жобалау, өндіріс, сату және монтаждау бағыттарын қатар дамытып келеді. Ұйымның құрылымдық бөлімшелері энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар және «жасыл құрылыс» салаларында белсенді жұмыс жүргізуде.
Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында құрылыс индустриясы бағытында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың нақты тетіктерін, өзара ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылап, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар инвесторлар «Turan» арнайы экономикалық аймағының және Түркістандағы индустриялық аймақтар мен шағын өнеркәсіп алаңдарының мүмкіндіктерімен танысты.

Алдағы уақытта шетелдік серіктестермен келіссөздер жалғасып, бірқатар нақты жобалар бойынша шешімдер қабылданады деп күтілуде. Бұл бастамалар өңірдің құрылыс саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың өсуіне серпін береді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары