Түркістан облысында өңір экономикасын дамыту, өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы нақты нәтижелер Сауран ауданында айқын көрініс табуда, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Сауран ауданында өндіріс саласы қарқынды дамып, жыл басынан бері 124 өндірістік жобаның құрылысы басталған. Оның ішінде 35 жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өсіміне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізіп отыр.
Өндірістік жобалардың негізгі бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде шоғырланған. Аталған аумақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып, өндіріс орындарын орналастыруға қолайлы аймақтар ретінде айқындалған.

Аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан өндірістердің бағыттары да әртараптандырылған. Атап айтқанда:
- құрылыс материалдарын шығаратын – 36 цех;
- жиһаз өндірісі – 35 цех;
- азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех;
- резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех;
- тігін өндірісі – 5 цех;
- электротехникалық өндіріс – 5 цех;
- дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны;
- ауыл шаруашылығы жабдықтарын жасайтын – 8 цех;
- қағаз өңдейтін – 1 цех іске қосылады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың осылайша қарқынды жүзеге асуы Сауран ауданының индустриалдық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға кең мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, алдағы кезеңде Сауран ауданында өндірістік алаңдарды одан әрі кеңейту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасын табады.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары