Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелерді шешу мақсатында арнайы кеңес өтті. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, басқосуға өңір шаруалары мен бірқатар құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Диас Сүлейменов, Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Бексұлтан Ахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Ақтілеу Бекмұратов қатысты.
Кездесу барысында шаруалар биылғы мақта қабылдау науқаны кезінде туындаған мәселелерді ашық көтерді. Әсіресе, мақта зауыттарында белгіленген бағаның әртүрлі болуы дихандардың наразылығын тудырған. Шаруалар бұл жағдайды реттеу үшін зауыттар арасындағы баға саясаты ашық әрі әділ болуы қажет екенін айтып, келесі жылдан бастап келісімшарттарда мақта бағасы алдын ала көрсетілсе, шаруаларға тиімді зауытты таңдауға мүмкіндік болатынын жеткізді.
– Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Жыл сайын көтеріліп келе жатқан түйткіл. Егер зауыттар арасында алдын ала келісімдер болмай, әділ бәсекелестік орнаса, шаруалар да еңбегінің өтеуін лайықты деңгейде алар еді. Осы бағытта заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуді сұраймыз, – деді дихандар.

Өз кезегінде облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов шаруалардың талап-тілегі назардан тыс қалмайтынын айтып, мақта нарығындағы заң талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізілетінін, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті құқықтық шаралар қабылданатынын атап өтті.
Ал Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі 2024 жылы жүргізілген тексерулер барысында анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, оларды жою бойынша тиісті ұсыныстар берілгенін жеткізді.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков шаруалар мен кәсіпкерлердің құқықтары заңмен бірдей қорғалатынын атап өтіп, екі тарапқа да тиімді, заңды ортақ шешім табудың маңызын айтты.
– Мәселе ашық айтылса, асқынбайды. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – келесі жылы осындай келеңсіздіктерге жол бермеу. Барлығы заң аясында, тәртіппен шешілуі тиіс. Заң мен тәртіп – баршамызға ортақ, – деді ол.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында мақта өңдейтін 26 кәсіпорын 178 қабылдау бекеті арқылы 428 мың тонна мақта өнімін қабылдаған. Өнім сапасына байланысты мақта бағасы 250–270 теңге аралығында қалыптасты.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары