ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі ірі агроөнеркәсіп жобаларының жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-сапар аясында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың жағдайын көзбен көрді. Делегация құрамында комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев болды.

Алдымен сенаторлар Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның заманауи жылыжай кешеніне барды. Жалпы аумағы 51,88 гектарды құрайтын кешеннің жылдық өндірістік қуаты 27 мың тонна көкөніске жетеді. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба аясында 800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, кәсіпорында қызметкерлерді оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі енгізілген. Негізгі өндірілетін өнім – қызанақ, ал алдағы уақытта оның ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде. Бұл жоба ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді.
Бұдан кейін комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС-ның өндірістік алаңында болды. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге қауқарлы бұл кешенді 2026 жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 550 жаңа жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдерінің бірнеше түрі өндірілмек. Жоба азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, импортты алмастыруға және тұрақты экспортты дамытуға бағытталған. Қазіргі таңда зауытта жүгеріні қабылдау және кептіру кешені мен дән сақтайтын қоймалардың құрылысы толық аяқталған.

Сенаторлар өңірде ауыл шаруашылығын терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, мұндай ірі жобалар ауылдық аумақтардың дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының өсуіне айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары