Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іссапармен келіп, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Сапар аясында сенаторлар «SPK Turkistan» өндірістік паркі мен «Түркістан» индустриялды аймағында жүзеге асырылып жатқан жобаларды аралады, деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация мүшелері көкөніс сақтау қоймасының қызметімен, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйелерін өндіру желілерімен, сондай-ақ «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесін шығаратын өндірісімен танысты. Бұл жобалар өңірде су ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы өтті. Кездесуге комитет төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев және облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков 2026 жылы Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС-нің өндірістік кешенін іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жоба аясында крахмал өнімдері өндіріліп, 500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркістан облысының еліміздің аграрлық саласындағы орнына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, республика бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы өңірдің үлесіне тиесілі. Биылғы 10 айда облыста 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 907 мың гектарға жеткен.

Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, ал мақта алқабы 38 мың гектарға ұлғайып 144,5 мың гектарға орналастырылған.
– Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Ел бойынша өндірілетін мақтаның 100 пайызы, жүзімнің 82 пайызы, бақша өнімдерінің 75 пайызы, жеміс-жидектің 40 пайызы, көкөністің 30 пайызы және жүгерінің 27 пайызы біздің өңірге тиесілі. Сондай-ақ еттің 12 пайызы мен сүттің 13 пайызы облысымызда өндіріледі. Бұл Түркістанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібі үшін қуатты шикізат базасы екенін көрсетеді, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Оның айтуынша, биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақтысында 59 мың гектар алқапқа орналастырылған. Ал 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты қамтитын екі кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жоба жүзеге асырыла бастады. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті азайтуға бағытталған мақта-тоқыма кластері аясында 5 жоба іске асырылып, жылына 193,3 мың тонна өңдеу қуатына қол жеткізу және 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Көшпелі отырыс қорытындысында қатысушылар Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану, өңдеу саласын кеңейту және инвестициялық жобаларды қолдау өңірдің ғана емес, жалпы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор екенін атап өтті.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары