Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Түркістан » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА КӨШБАСШЫ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНДА

Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру және «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы бойынша мәжіліс өткізді. Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Jetpisbai.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьер өз сөзінде су тапшылығының әлеуметтік-экономикалық дамуға кері әсерін атап өтіп, бұл мәселені шешуде су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталды.

– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдейтін технологиялар мен заманауи суару әдістерін кеңінен енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалануға жол бермеу үшін тиісті бақылау мен құқықтық шараларды күшейту қажет. Егіс құрылымдарын әртараптандырып, аз су қажет ететін әрі құрғақшылыққа төзімді дақылдарға көшу – ауыл шаруашылығының болашағы үшін маңызды қадам, – деді Қанат Бозымбаев.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын реттеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су үнемдеу технологияларын енгізу және «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада айрықша орын алады. Елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы өңірдің үлесіне тиесілі, яғни жыл сайын 1 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі.

Биыл облыста су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланғанымен, нақтысында 59 мың гектар алқапта жүзеге асырылған. Оның ішінде:

  • 53,7 мың гектарға – тамшылатып суару,
  • 6,2 мың гектарға – жаңбырлатып суару технологиялары енгізіліп, жоспар 2 есе артық орындалды.

Қазіргі таңда облыс бойынша су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізілген. Нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделді. Ал 2030 жылға дейін жыл сайын 50 мың гектарға қосымша технология енгізу арқылы 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр.

Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылған. Сонымен қатар 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын тағы 2 кәсіпорын жұмысын бастайды. Мақта мен күріш өсіруде жаңа технологияларды қолдану арқылы өнім көлемі де артқан.

Сондай-ақ мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының нәтижелері де жан-жақты баяндалды. 2023–2025 жылдары аталған бағдарламаға республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінген. Осы қаржы есебінен:

  • 3 790 жоба қаржыландырылып,
  • 25,6 млрд теңге көлемінде несие берілді,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 662 бірлікке артты,
  • 477 жылыжай кешені салынды,
  • мал басы 72 982-ге көбейді,
  • 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды,
  • 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды.

Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға қысқарған.

Мәжіліс қорытындысында су үнемдеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар айтылып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

© Jetpisbai.kz

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*