Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауқымды әлеуметтік жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысына ресми іссапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге құрылыс нысанына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сапар барысында мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жобаның негізгі мәселелері мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Вице-премьер жобаның стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ барлық инженерлік инфрақұрылымның толық әрі уақытылы аяқталуын тапсырды.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен толық қамту және кадр мәселесін алдын ала шешудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, болашақта бұл нысан жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсететін аймақтық орталыққа айналуы тиіс. Осыған байланысты білікті мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру және өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бағытында нақты жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, заманауи аурухана 15,6 гектар аумақта салынуда. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы 83 277 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған, нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар, жаңа көпбейінді аурухананың іске қосылуы Түркістан қаласы мен оған іргелес аудандардың тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары