Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісай ауданында тағы бір қуанышты жаңалық тіркелді. Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекені табиғи газға қосылып, тұрғындар көптен күткен көгілдір отынның игілігін көре бастады , – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі газбен қамтылып, көгілдір отынды пайдаланатын елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр. Бұл – өңірдегі инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нақты нәтижесі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мереке қарсаңында Жаңа ауылға табиғи газ беру рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалына қарасты Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос мерекемен құттықтады.
Жылдар бойы қатты отын жағып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай қолайлы әрі экологиялық таза табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Бұл жаңалық ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық жағдайдың жақсаруына да оң әсерін тигізбек.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биыл жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді табиғи газға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.

Айта кетейік, шара барысында газ инспекциясының өкілдері ауыл тұрғындарына газ құрылғыларын қауіпсіз әрі дұрыс пайдалану ережелерін түсіндіріп, арнайы жаднамалар таратты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары