«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі.

Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 ақжелеңді 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсететін болады. Айта кету керек, бұл елді мекендерде 1960-1961 жылдары салынған ескі ғимараттар апатты жағдайға жетуіне байланысты қолданыстан шығарылған болатын. Жаңа медициналық пункттер ауыл халқы үшін аса маңызды әрі уақыт талабына сай инфрақұрылым ретінде салынды.
Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбулаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. Мұнда 2150 тұрғынға алғашқы және жалпы медициналық көмек көрсетіледі. 1963 жылы салынған бұрынғы ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталды.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының өкілі Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Олар жаңа нысандар ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын нығайтуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ медициналық мекемелердің білікті кадрлармен және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілгені айтылды.
Лента қию рәсімінен кейін қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, ондағы дәрігерге дейінгі және жалпы тәжірибелі дәрігер кабинеттері, екпе егу, тіс дәрігері, сүзгі, әмбебап патронаж, ауызбен суландыру, акушер-гинеколог, баланы дамыту, әлеуметтік қызметкерлер, ем-шара, күндізгі ем алу, ерлер кабинеті, тікелей қадағалап емдеу, қақырық жинау, стерильдеу, медициналық қалдықтардың Б тобына арналған бөлме және бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысандарында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ халатты қызметкер еңбек етеді. Биылғы жылдың 8 айында ауданда 2242 бала дүниеге келіп, табиғи өсім 9,6 көрсеткішті құраған.

Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар аудан тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары