Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді инфрақұрылымдық саясаттың нақты нәтижесін аңғартады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Тәуелсіздік күні» қарсаңында тағы бір ауылға табиғи газ берілді. Бұл мерекелік күн қарсаңындағы игі бастама ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналды.
Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отын жағып, күл шығарып, әуреге түскен 2460 тұрғын енді қала тұрғындарымен бірдей табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды.

– Біз ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсарту, ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмалары аясында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір ауылға газ берсек, екінші ауылдың жолдарын жөндейміз, үшінші ауылда ауыз су мен жарықшам мәселесін шешеміз. Ешбір елді мекен мемлекеттің назарынан тыс қалмайды, – деді аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.
Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, биыл жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Айта кетейік, шара барысында ауыл тұрғындарына газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын қауіпсіз әрі дұрыс пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жаднамалар таратылды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрмыстық газды тиімді пайдалануға бағытталған.
© Jetpisbai.kz
jetpisbai.kz Ұлы Дала жаңалықтары